Басты » Жаңалықтар » Электрондық ақша

Сенат электрондық ақша мәселелері жөніндегі заңға түзетулерді талқылады

Қазақстан парламентінің сенаты 26 мамырдағы жалпы отырысында «Электрондық ақша мәселелері жөніндегі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

 

Заң жобасы төлем және өзге қаржы операцияларын жүзеге асыру үшін пайдалану мен электрондық ақша шығару саласында қалыптасатын құқықтық қатынастарды реттеу және Қазақстанда электрондық ақшаны пайдалану мен шығару үшін құқықтық негіз құру мақсатында әзірленді.

 

«Заң жобасы қабылданумен барлық қазақстандық инетернет пайдаланушылары мен сатушылар арасында жасалатын мәмілелер, заңды негізде, тек ұлттық валютада көрсетілген отандық эмитенттермен шығарылған электрондық ақшаларды пайдаланумен жүзеге асырылуға тиіс», - деп хабарлаған алдында Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжияқов заң жобасын Мәжілісте таныстыруда.

 

Бұл ретте ол «электрондық ақшаны алу мен пайдалану – бұл кез келген тұлғаның таңдау құқығы», - деп атап көрсетті. 

 

«Заң жобасымен электрондық ақшаны шығару құқығы екінші деңгейлі банктерге беріледі. Электрондық ақшаны шығару бойынша қызмет жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартуға, сондай-ақ бірқатар банктік операция жасаумен байланысты», - деді Б.Тәжияқов. 

 

Сонымен қатар, оның айтуынша, құжат электрондық ақша жүйесінде жеке банктік емес ұйымдарға агенттер, эмитенттер немесе операторлар ретінде қатысуға мүмкіндік береді.

 

«Яғни жеке банктік емес ұйымдар банктер-эмитенттермен айналымға шығарылған электрондық ақшаны тарату, сату немесе сатып алумен, сондай-ақ оларды пайдалану бойынша операцияларға қызмет көрсетумен айналыса алады», - деді сол кезде Ұлттық банк басшысының орынбасары.