Басты » Жариялым » #Актаусуд.Есеп

#Актаусуд процесінің алғашқы екі күні.Есеп

Өткен айдың 27-сі күні Ақтау қаласында Жаңаөзенде 2011 жылдың 16-желтоқсанында орын алған тәртіпсіздікті ұйымдастыру бойынша айыпталып жатқан сотталушылардың үстінен сот ісі басталғанын бұқаралық ақпарат құралдарынан естімеген адам аз. Оның есесіне, осы платформада Әсет Нұрпейісов пен Бағлан Айдашовтың жазбалары жарық көріп үлгірді.

Қазақстан интернет Ассоциациясының (Атап айтқанда, Бағланның) шақыруымен мен Ақтауға іссапар жасап қайтып, сот ісінің екі күндік жұмысына блогер ретінде араласқан болатынмын.Сот ісін тікелей трансляциялау туиттерде #актаусуд хэштегімен жүзеге асырылды. Атап өтетін болсақ, осы хэштег пайда болған күннің өзінде-ақ алдыңғықатарлы хэштегтердің арасында көріне білді.

 

Осы хэштег бойынша терілген бүкіл туиттердің статистикасын Бағланның соңғы жазбасынан көре аласыздар (сілтемесі жоғарыда келтірілген).

 

 

 

 

Сот жұмысының басталуы 27 наурыз, сағат 10.00-ге жоспарланған болатын. Өтетін орны Ақтаудағы "Арман" жастар орталығы болды. Осы орынды таңдағанда оның сыйымдылығына аса назар аударылған. Дегенмен, біз онға таман осында келгенде, сырттан кіре алмай тұрған адамдарды байқадық. Сот ісіне қатысуға ниет білдіргендердің саны ойдағыдан көп болып шықты. Дегенмен, сыймай қалғандар үшін арнайы бейнеэкранмен жабдықталған 150 адамға арналған бақылау бөлмесі тапсырыс етілді. 170 адамға арналған залға алдымен жәбірленушілер мен сотталушылардың туыстары жіберілген.

 

БАҚ өкілдеріне барлық мүмкіндік жасалды деп айтуға келеді. Камерасын ұстаған телевидение өкілдері, шетелдік тілшілер, блогер есебінде келген біздер ешбір тосқауылсыз ғимараттың ішіне кіріп, сот өтетін залға бет алдық. Атап айтатын болсақ, Маңғыстау облыстық сотының ресми өкілі Нұрлан Күнтуов арнайы баспасөз мәслихатында хабарлағандай, сот процесінен 30-дан аса БАҚ өкілдері (3-еуі – шетелдік) ақпарат таратып жатты. Сот отырысын 4 халықаралық және 6 республикалық қоғамдық ұйым өкілдері қадағалады.

 

Журналистерге арнап wi-fi және ноутбуктармен жабдықталан арнайы баспасөз орталығы ұйымдастырылған.

 

Қылмыстық іс Ақтау қалалық сотының судьясы Аралбай Нағашыбаевтың төрағалығымен қаралып жатыр.

 

 

 

Бірінші күнгі отырыс сағат 15.00-де басталып, кешке дейін созылды. Қорғаушылар өтініштерін жолдап, соларды қарастыру үшін бірінші күнгі отырыс ертеңге қалдырылды.

 

Екінші күні, яғни 28 наурызда сот отырысы сағат 10.00-де басталды. 93 томнан тұратын сотталушылардың ісі төрт топқа бөлініп қаралып болды.

 

Сот отырысында жәбірленушілер сөз алды. Олардың арасында өртенген автокөлік, киіз үй, мейрамханалар, дүкендер мен кеңсе иелері және Жаңаөзен қаласының бірқатар кәсіпкерлері болды.

 

Сот отырысы қазақ тілінде жүріп жатыр. Естеріңізге сала кететін болсам, Жаңаөзен ісі бойынша 37 адамға қылмыстық айып тағылған, сотқа 100-ден астам жәбірленуші, 45 куә, алты мемлекеттік айыптаушы мен 12 қорғаушы қатысуда.

 

 

Бахытжан Бухарбаев